Алимент бойынша берешек: екінші ата-ана төлемесе, қалай өндіріп алуға болады — адвокат түсініктемесі
Qamqor.gov.kz порталында алимент төлемегені үшін іздеуге жарияланған 1500-ден астам адамның тізімі жарияланған. Астана прокуратурасының тексеруі 5,5 мың борышкердің 26 млрд теңге кірісін жасырғанын, ал сот орындаушылары тарапынан 5 мыңнан астам әрекетсіздік фактісі болғанын көрсетті. BAQ.KZ адвокат Айдар Советбековтан ата-ана төлемді заңды жолмен қалай алуға болатынын сұрады.
Сот шешімі бар, ақша жоқ: неден бастау керек
Алимент тағайындау — тек бастамасы. Әрі қарай атқарушылық құжаттың сот орындаушысына берілгенін және іс жүргізудің басталғанын тексеру керек. Сот бұйрығының өзі атқарушылық құжат болып табылады, ал сот шешімі бойынша атқару парағы беріледі.
Іс жеке сот орындаушысында болып, ақша айлап түспесе, адвокат алғашқы қадам ретінде берешекті айқындау туралы қаулыны жазбаша талап етуге кеңес береді: ол борышкердің нақты қанша қарыз екенін заң жүзінде бекітеді. Сот орындаушысы берешекті тоқсан сайын айқындайды және қаулыны үш жұмыс күні ішінде тараптарға жібереді. Қарыздың қай айларға және қандай табыстан есептелгенін тексерген жөн.
«Жұмысым жоқ» деген сылтау алименттен босатпайды
Ресми жұмыстың болмауы баланы асырау міндетін алып тастамайды. Борышкер жұмыс істемесе немесе табысын растамаса, алимент Қазақстан бойынша орташа жалақыдан есептеледі: оған сот белгілеген үлес қолданылады. Бұл тәртіп «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 169-бабында көзделген.
Борышкер табысын жасырса
Мұндай жағдайда ай сайынғы аударымды күтудің пайдасы жоқ — нақты кірісті, шоттар мен мүлікті іздеу керек. Айдар Советбеков мәжбүрлеп орындату шараларын қолдану мәселесін қоюға кеңес береді: шоттағы ақшаға және мүлікке өндіріп алуды қолдану, елден шығуды уақытша шектеу, арнайы құқықты уақытша тоқтату. Әр шара өз негізі мен рәсімі бойынша қолданылады.
Мұның қалай жұмыс істейтінін Астанадағы сол тексеру көрсетті: прокурорлар жеке сот орындаушыларының назарынан тыс қалған, құны 2 млрд теңгелік 126 бірлік құрылыс, жол және ауыл шаруашылығы техникасын тапты. 2,5 мың баланың пайдасына 2 млрд теңгеден астам өндірілді.
Сот орындаушысы әрекет етпесе
«Іс жүргізіліп жатыр» деген сөз нақты не істелгенін түсіндірмейді. Адвокат өтініштерді жазбаша беріп, қабылданған шаралар туралы мәлімет сұратуға кеңес береді. Сот орындаушысы әрекетсіздік танытса, оған жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына және әділет департаментіне, оның ішінде eOtinish арқылы ресми шағым беруге болады. Шағымда іс нөмірін, алимент түспеген кезеңді, сот орындаушысына қашан жүгінгеніңізді және қандай әрекеттер жасалмағанын көрсеткен жөн.
Төлемеушіге қандай жауапкершілік бар
Алимент төлемегені үшін әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілік көзделген, бірақ қарыздың өзі автоматты түрде қамауға әкелмейді — мән-жайлар мен құқық бұзушылық белгілері анықталуы керек.
ӘҚБтК-нің 669-бабы бойынша, қылмыстық әрекет белгілері болмаса, сот актісін немесе атқарушылық құжатты орындамағаны үшін 5 АЕК айыппұл, 20 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе бес тәулікке дейін әкімшілік қамақ көзделген. Борышкер үш айдан астам уақыт алимент төлеуден қасақана жалтарса, Қылмыстық кодекстің 139-бабы қолданылады: екі жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе одан айыру не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс. Нақты жазаны сот белгілейді.
Бала кәмелетке толса да, қарыз жойылмайды
Бала 18 жасқа толғанда жаңа есептеу тоқтайды, бірақ жиналған берешек сақталады. Ағымдағы төлемнің аяқталуы бұрынғы кезеңдердегі қарызды жоймайды, сондықтан баланың жасына байланысты оны өндіріп алудан бас тартуға негіз жоқ.
Кешіктірілген алимент үшін тұрақсыздық айыбын өндіріп алуға болады
Берешек төлеушінің кінәсінен пайда болса, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 171-бабы бойынша кешіктірілген әр күн үшін төленбеген соманың 0,1% мөлшерінде тұрақсыздық айыбы есептеледі. Оны тек сотқа бөлек талап арыз беру арқылы өндіріп алуға болады. Ал ақша басқа тұлғалардың кінәсінен кешіксе — мысалы, ұсталған алимент уақытында аударылмаса, — борышкердің жауапкершілігі басқаша бағаланады.
Жарияланымның толық мәтіні — BAQ.KZ сайтында.