Өзгенің несиесіне кепіл болу: жалақы мен мүлікке қандай қауіп бар
Ақшаны алмайсыз, бірақ жауап бересіз
Адвокат Айдар Советбековтің айтуынша, кепілдік шартын көбіне формалдылық немесе жақын адамға жасалған жақсылық деп қабылдайды, ал шын мәнінде бұл бөтеннің қаржылық тәуекелін өз отбасының бюджетіне жүктеу.
Қоса қарыз алушы — несие шартындағы тең құқықты тұлға: оның табысы несие рәсімдеу кезінде есепке алынады және ол қаражатты негізгі борышкермен бірге пайдаланады, мысалы, ерлі-зайыптылар бірге ипотека алғанда. Кепіл болған адам несие қаражатын алмайды әрі пайдаланбайды, бірақ негізгі борышкер төлемді тоқтатса, қарызды өтеу міндеті оған жүктелуі мүмкін.
Банк қарызды кімнен талап етеді
Бұл шарттың түріне байланысты. Кепілдік шартында ынтымақты жауапкершілік көзделеді: қарыз алушы төлемесе, банк берешекті кепілдік берген адамнан да талап ете алады. Кепілгерлік кезінде жауапкершілік қосалқы: банк алдымен негізгі борышкерден өндіріп алу шараларын жүргізеді, нәтиже болмаса ғана кепілгерге талап қояды. Сондықтан шарттың атауына ғана емес, жауапкершілік туралы тармақтарға да назар аудару маңызды.
Негізгі қарызбен шектелмейді
Азаматтық кодекстің 332-бабына сүйене отырып, адвокат кепілдік беруші негізгі борышкермен бірдей көлемде жауап беретінін түсіндірді. Негізгі қарыздан бөлек сомаға банктің сыйақысы, кешіктіргені үшін өсімпұл мен айыппұл, сот шығындары және жеке сот орындаушысының қызмет ақысы қосылуы мүмкін.
Жалақы мен ортақ мүлікке қандай қауіп бар
Атқарушылық іс жүргізу барысында банк шоттарына шектеу қойылып, ресми жалақының 50 пайызына дейін ұстап қалынуы және шетелге шығуға тыйым салынуы мүмкін. Кепіл болған адамның некеде алған пәтері немесе көлігі болса, кредитор сот арқылы ортақ мүліктегі оның үлесін бөліп, өндіріп алуды талап ете алады.
Қол қоймас бұрын нені тексеру керек
Адвокат шарттың үш талабына назар аударуды ұсынады: жауапкершілік түрі (ынтымақты ма, қосалқы ма), жауапкершілік шегі (тек негізгі қарызға немесе белгілі бір сомадан аспайтын көлемде жауап беретініңізді көрсетуге болады, бірақ банктер стандартты талаптарды өзгертуге келісе бермейді) және кепілдіктің мерзімі — құжатта міндеттеменің нақты аяқталу уақыты көрсетілуі керек.
Бас тартуға бола ма және ақшаны қалай қайтаруға болады
Шартқа қол қойғаннан кейін одан біржақты бас тарту мүмкін емес. Азаматтық кодекстің 336-бабына сәйкес, кепілдік негізгі қарыз толық өтелгенде тоқтатылады. Банк кепіл болған адамның келісімінсіз оның жағдайын нашарлататын өзгерістер енгізсе, мысалы, қарыз сомасын немесе пайызын көбейтсе, кепілдікті тоқтатуға негіз туындайды. Қарыз басқа адамға ауысқанда кепіл болған тұлғаның жаңа борышкер үшін жауап беруге келісімі ескеріледі.
Өзгенің несиесін өтеген адам төлеген ақшасын негізгі борышкерден қайтаруды талап ете алады: Азаматтық кодекстің 334-бабына сәйкес оған кредитордың құқықтары ауысады және ол сотқа кері талап қоя алады. Ол үшін несие және кепілдік шарттары, түбіртектер мен банк үзінділері, сондай-ақ берешекті кепіл болған адам жапқанын растайтын банк анықтамасы қажет.
Адвокаттың басты кеңесі — өз мүмкіндігіңізді шынайы бағалау: сұралып отырған соманы дәл қазір қайтарымсыз беруге дайын болмасаңыз, кепіл болмаған дұрыс.
Жарияланымның толық мәтіні — BAQ.KZ сайтында.